Ағымдағы жылдың 9 қантар күні Арқалық қаласы білім бөлімі “Қосымша білім беру орталығы” КММ “Жанұя” әдістемелік клубының кезекті отырысына мектеп- гимназиямыздан Талкенова К. А. мен үйірме мүшесі Таңатхан Ақерке қатысты. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің маңызын айқындау, дәстүр мен құндылықтарды дәріптеу, ұстаздар мен оқушылардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау.
Бағдарлама барысында:
“Жылы лебіз – жарты бақыт” атты тренинг ұйымдастырылып, қатысушылар ұлттық құндылықтарға негізделген жылы сөздермен бөлісті;
“Жеті қазына” айдарында сұрақ-жауап өткізіліп, қазақ халқының қазынасы мен дәстүрлері талқыланды;
“Жасырын қобдиша” ойыны арқылы ұлттық заттарды сипаттап табу тапсырмалары орындалды. Отырыстың соңында қатысушылар “Тәрбие ағашы” рефлексиясын жасап, өз ой-пікірлерін білдірді. Әрбір қатысушы ұлттық тәрбиеге қатысты өз үлесін ағаштың бұтағына қосып, ортақ ойды бейнеледі. Белсенді жетекшілер мен оқушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Бұл отырыс ұлттық тәрбиенің ұрпаққа аманат екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, дәстүрді сақтаудың қоғамдағы рөлін айқындады. Қатысушылар ұлттық рухты көтеретін мазмұнды пікірлер айтып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге атсалысты.







