Мектебімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында бірлестіктер арасында ұйымдастырылған кітап талдау отырысының ІІ бөлімі жоғары деңгейде өткізілді. Бұл тағылымды шараның басты мақсаты – ұстаздар қауымының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиет арқылы рухани дүниені байыту және оқырман мәдениетін қалыптастыру болды.
Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған ақыл-ойының қазынасы, рухани байлығының қайнар көзі. Кітап оқу – тек ақпарат алу ғана емес, ол – адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын тереңдететін, жүрегіне ізгілік нұрын себетін ерекше құндылық. Оқылған әрбір шығарма адамға ой салып, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады, тұлғалық дамуына жол ашады.
Аталған іс-шара барысында бірлестіктерге ұсынылған қалған 5 көркем шығарма жан-жақты талданып, әр бірлестік өз таңдаған туындысын шығармашылық тұрғыда қорғады. Қатысушылар шығармалардың мазмұнын, негізгі идеясын, кейіпкерлер әлемін саралап, олардың тәрбиелік мәні мен өмірлік тағылымы туралы мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті. Бұл өз кезегінде ұстаздардың әдеби талдау жасау дағдыларын жетілдіріп, рухани сұхбат алаңына айналды.
Сонымен қатар, мұғалімдерге арнайы тапсырмалар ұсынылып, практикалық жұмыстар жүргізілді. Бұл тапсырмалар қатысушылардың шығарманы терең түсінуіне, ой қорытуына және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Әріптестер арасында өзара пікір алмасу, тәжірибе бөлісу арқылы мазмұнды кері байланыс орнатылды.
Осындай тағылымды кездесулер – кітаптың адам өміріндегі маңызын терең сезінуге, рухани құндылықтарды дәріптеуге жол ашады. Себебі кітап – үнсіз ұстаз, сарқылмас білім бұлағы. Кітап оқитын адам – ойлайтын адам, ал ойлайтын ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.
https://www.youtube.com/shorts/4Z16RWM1LSg







