11-сынып оқушыларына ҰБТ-ға психологиялық дайындық мақсатында «Жан тыныштығы» тақырыбында арт-терапиялық тренинг өткізілді. Сабақтың негізгі мақсаты – оқушылардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыру, қобалжу мен уайымды азайту, сондай-ақ ішкі сенімділікті арттыру болды.
Тренинг барысында арт-терапия әдістері қолданылып, оқушылар өз сезімдерін шығармашылық арқылы жеткізуге мүмкіндік алды. Алдымен жеңіл тыныс алу жаттығулары жүргізіліп, оқушылардың бойындағы кернеу төмендетілді. Кейін «Менің көңіл-күйім» атты тапсырма арқылы әр оқушы өз эмоциясын қағаз бетіне түсірді. Бұл жұмыс олардың ішкі күйін түсінуге және ашық жеткізуіне көмектесті. Соңында «Із қалдырған эмоция» жаттығуы жасалып, оқушылар өз қолтаңбасын қалдырды.
Нәтижесінде оқушылардың көңіл-күйі көтеріліп, өздеріне деген сенімділігі артқаны байқалды. Олар сабақтан жағымды әсер алып, алдағы ҰБТ-ға сабырлы әрі сенімді түрде дайындалуға мотивация алды. «Жан тыныштығы» арт-терапиясы оқушылардың психологиялық денсаулығын нығайтуда тиімді әдіс екені көрінді.






